Басып шығару нұсқасы
13.02.2017, 14:26

Өлімге итермелейтін топтар туралы ақпаратты қайда жіберуге болады?

Жастарды өлімге итермелейтін топтар туралы кез келген ақпаратты mic.gov.kz сілтемесіне жіберуге болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz

  «БАҚ-та және әлеуметтік желіде жастарды өлімге итермелейтін ойындар қызу талқыланып жатыр. Біз осындай әлеуметтік желідегі деструктивті топтар туралы жиі талқыланған сайын оларға қызығушылық арта түсетіндігін түсінеміз», - деді ол.

Мұрат Жұманбай құқық қорғау органдары тиісті шараларды қолға алғандығын атап өтті. Сондай-ақ, ол азаматтардан кез келген күдік тудыратын ақпаратты хабарлау маңызды екендігін айтты.

«Жастарды өлімге итермелейтін топтар туралы кез келген ақпаратты mic.gov.kz сілтемесіне жіберулеріңізді сұраймыз», - деді ресми өкіл.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев желіден қандай да бір күмәнді топтарды кездестірген жағдайда оның сілтемесін министрлік сайтындағы «Шағымдану» бөліміне жолдауға кеңес берген еді.

Естеріңізге сала кетейік, министрлік ресми сайтындағы «Шағымдану» бөлімі 2016 жылдың тамыз айында іске қосылды.