Басып шығару нұсқасы
14.12.2018, 11:49

«Жылдың үздік ұстазы – 2018» атты байқауы ұстаздар арасында қолдау тапты - Индира Мейірбекқызы

Астанада Министрліктер үйінде өткен «Дала академиясының түлектері» атты республикалық конференция аясында ұстаздар арасындағы «Жылдың үздік ұстазы – 2018» атты байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды silteme.kz.

Аталған шараны «United Citizens Fund» қоғамдық қорының қолдауымен ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты және «Bilim-orkeniety» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырған болатын. 

Бұл орайда ұйымдастырушылардың бірі, «Bilim-orkeniety» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығы директорының орынбасары Индира Мейірбекқызы бұл байқаудың ұстаздар арасынан қызу қолдау тапқанын айтты. 

"Әдетте конференция десе, елдің бәрінің ойына бірден "сөйлеп-сөйлеп кетудің" келетіні анық. Бұл жолы ата тарихымызды талқылап, таразылаумен шектелмедік. Біршама уақыт бұрын еліміздегі ұстаздар арасында «Жылдың үздік ұстазы – 2018» атты республикалық жобасы аясында «Еңбек жолым және білім берудегі жаңашыл тәсілім» тақырыбына жазылған үздік эсселер байқауы жарияланған-ды. Аталған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 150-ге жуық материал келіп түскен. Міне, шара соңында олар жинақталып, жинақ кітабы басылып, келушілерге таратылды. Сондай-ақ, 30-ға жуық байқау жеңімпаздары марапатталды", - деп атап өтті ол.

"Мұғалімдерді де бірауық осылай елеп, ескеріп тұрғандарыңа рахмет. Осының өзі бізге демеу ғой" деп қалды жеңімпаз апайлардың бірі. Кәдімгідей марқайпы қалдық. Айтпақшы, жаңа әліпби саясатына "қарлығаштың қанатымен су сепкендей" болса да үлес қосылсын" деп, марапат қағаздары латын қарпімен жазылды", - деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, іс-шараға ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты қызметкерлері, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдары, докторанттар, білім беру ұйымдарының оқытушылары, мұғалімдер қатысты. Ол ҚР Тәуелсіздік күні, Астана қаласының 20 жылдығына орайластырылды. 

Ұқсас сілтемелер