Басып шығару нұсқасы
18.08.2020, 13:49

Еліміздегі саясат және дін қатынасындағы зайырлылық принципі

Дүние жүзінде мемлекеттердің үш түрі бар – теократиялық, атеистік және зайырлы мемлекеттер.

Қазіргі заманда дінді «мемлекеттік» деген мәртебеге көтерген елдер көп болмаса да, олардың жалпы қатары бар екенін, тіпті кейбіреулерінің біршама ықпалды елдер екенін айта кету керек. Мәселен, әлемдегі Иран Ислам Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы, Сауд Арабиясы Корольдігі, Ватикан сияқты елдерде діндер өздерінің қызметін мемлекеттік ресмиленген құқықтық деңгейде атқаруда. Дегенмен, әлемдегі өркениетті елдердің көбісі өздерін «зайырлы мемлекеттерміз» деп жарялаған және олар өздерінің заң жүйесінде азаматтық құқықтарды негізгі басымдылық ретінде бекіткен. Осындай мемлекеттердің ішінде егеменді Қазақстан Республикасы да бар және ол өзін қазіргі замандағы, өркениетті, демократия жолын ұстанған зайырлы мемлекеттер қатарына қосады, сонымен қатар, ол барлық діндерді және діншілдердің құқықтарын, көзқарастарын сыйлайтынын жария еткені де баршамызға мәлім.

Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырғандықтан, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Қазақ елінде мемлекеттік деңгейдегі ресми дін жоқ. Конституция бойынша діни партия құруға жол берілмеген. Мемлекеттік органдар Конституция негізінде салалық заңдарды басшылыққа алып жұмыс істейді. Қазақстанның әр азаматы ар-ұждан бостандығын пайдалана алады. Қысқаша айтқанда дін ұстану немесе атеист болу әркімнің өз еркінде.

Зайырлы мемлекет заңнамалары белгілі бір діни бірлестіктің мақсатын емес, тұтас азаматтық қоғамның мүддесін көздей отырып жасалады. Заң талаптары мен тыйымдары барлық дін өкілдеріне ортақ. Яғни, мектептегі зайырлылыққа қатысты ұстанымдар тек ислам дініне ғана емес, басқа діндерге де тікелей қатысты. Мектеп формасына байланысты талаптар хиджаб киюді ғана емес, өзге де діндер элементтерін пайдаланудыда шектейді. Себебі кез келген атрибутика, символ, элемент белгілі бір сенімді насихаттауды білдіреді. Барлық діндердің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ететіндіктен, зайырлылық принципі жеке бір дінді ерекшелеуге жол бермейді. Осыған қатысты Мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Біз мұсылман үмбетінен екенімізді мақтан тұтамыз. Бұл біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері бар, Қазақстан – зайырлы мемлекет екенін естен шығармауымыз қажет» деп айтып кеткен болатын. Сонымен қатар, біздің мемлекеттік саясат елдің гүлденуіне ықпал ететін дәстүрлі рухани және діни құндылықтарды қолдайды, сондай ақ, қазіргі кезде қоғамдық өмірдің барлық салаларының дамуы үшін қолайлы жағдай жасап отыр. Мысалға алатын болсақ мемлекет тарапынан исламның Құрбан айты мен Православияның Рождествосын ресми мерекелеуге мүмкіндік берді, осы қадамның арқасында елімізде біршама өзара түсіністік және сұхбаттастық қатынастарға жол ашылды деуге болады.

Қорыта айтқанда, зайырлылық тепе-теңдікті қамтамасыз ететін жүйе болып саналады. Бұл жүйеде мемлекет пен дін бір-біріне араласпай, әрқайсысы бөлек жұмыс жүргізеді. Елімізде дін еркіндігі мен одан туындайтын құқықтардың қамтамасыз етілуі тек зайырлылық принципімен жүзеге асырлып отыр. Әрине, зайырлылық принципі жүзеге асырылған мемлекеттерде дін мен мемлекет қатынастары өз орнымен жүргізіліп, келеңсіздіктер жойылған. Жалпы алғанда бейбітшілік пен татулықты басты ұстанымға айналдырған тәуелсіз Қазақстанда діни экстремизм, лаңкестік және т.б мәселелердің алдын алу жұмыстары, зайырлылықпен ұштаса мықтап қолға алынған.

 

Е.Шамшатов

Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығының қызметкері

Ұқсас сілтемелер