Діни тәуелділік – психологиямен қатар, дін және әлеуметтану салаларының күрделі феномені болып табылады және оның негізгі зерттеу мәселесі болып, сол тәуелді тұлғаның деструктивті діни ұйымға кіріп кетуінің негізгі себептерін анықтау. Қарапайым адамның деструктивті діни ағымның адептісіне айналуының өзіне бір емес, бірнеше факторлар әсер етеді. Оны ішкі және сыртқы детерминанттар деп бөліп қарастыруға болады.
1. Ішкі детерминанттар ретінде оның индивидуалды тұлғалық ерекшеліктерін көрсете аламыз. Мәселен, тұлғаның тәуелділікке бейімділігі және виктимділік деңгейі жоғары болады.
2. Сыртқы детерминанттар ретінде адамға сыртқы әлеуметтік ортадағы виктимогендігімен тығыз байланысты. Жалпы, виктимогенділік – ол әлеуметтену барысында сыртқы объективті жағдайлардың (қауіпті орталар және т.б.) әсерінен құрбан болуға бейімділік деп сипаттауға болады.
П. Мартинның пікірі бойынша психикалық денсаулық мамандары, сол адамның туыстары мен достары оны «құрбан» деп кінәлайды, соның нәтижесінде осы жағдай орын алады дейді. И. Михель оның пікіріне келіспейді, оның пікіріне сүйенетін болсақ, адамды құрбан қылатын ол деструктивті діни ағымның өкілдерінің арнайы манипулятивті техникаларының салдарынан және ол адамға психологиялық тұрғыдан зақым келтіреді деп есептейді. Екі ұғымды да дұрыс деп қабылдауға болмайды, себебі тұлғаның құрбан болуына ішкі және сыртқы детерминанттар бірдей әсерін тигізеді.
Жоғарыда айтылып өткендей, ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, деструктивті діни ағымға кіруге бірнеше психологиялық, сонымен қатар, әлеуметтік себептер әсер ететіні белгілі болды. Олардың бойында тәуелділікке және құрбан болуға бейімділік жоғары болады деп көрсетеді. Осыған сәйкес, олардың тәуелділік деңгейін анықтау мақсатында деструктивті діни ағымды ұстанушыларға психологиялық тесттер жүргізілді. Зерттеуге дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанушы 60 адам таңдалынып алынды. Оның ішінде 36 әйел адам, 24 ер адам. Жас ерекшеліктеріне келетін болсақ, жастардың саны – 20 адам (4 ер адам, 16 әйел адам), орта жастағы ұстанушылардың саны – 38 адам (18 ер адам, 20 әйел) және кемелденген жастағы ұстанушылардың саны – 2 ер адам.
Дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанушыларға Дж. Уайнхолдтың ортақ тәуелділік (созависимость) деңгейін анықтауға арналған тесті жүргізілді. Жүргізілген тесттің нәтижесіне сәйкес:
1. Өте жоғары деңгейдегі тәуелділік – 5 адам. Гендерлік ерекшеліктеріне сәйкес, оның ішінде 3 әйел және 2 ер адам.
2. Жоғары деңгейдегі тәуелділік – 33 адам. Гендерлік ерекшеліктеріне сәйкес, оның ішінде 20 әйел және 13 ер адам.
3. Орта деңгейдегі тәуелділік – 15 адам. Гендерлік ерекшеліктеріне сәйкес, оның ішінде 13 әйел және 2 ер адам.
4. Төмен деңгейдегі тәуелділік – 7 ер адам. Гендерлік ерекшеліктеріне сәйкес, әйел адамдарда төмен деңгейдегі тәуелділік немесе контртәуелділіктің жоғары деңгейі көрінеді болған жоқ.
Зерттеудің нәтижесіне қарай, ұстанушылардың тәуелділік деңгейі жоғары екендігін көрсетті. Зерттеуге іріктелініп алынған 60 адамның ішінде 38 ұстанушыда жоғары көрсеткішті көрсеткен. Әсіресе, ер адамдарға қарағанда әйел адамдарда тәуелділік деңгейі жоғары (23 әйел).
Мақалада көрсетілген теориялық, эмперикалық талдауларға сәйкес, деструктивті діни ағымды ұстанушылармен тек дін мамандары ғана емес, психологтар мен психотерапевттердің көмегі өте қажетті екені мәлім болды. Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында деструктивті діни ағымның әсеріне ұшыраудық алдын-алу жұмыстары мен ұстанушыларын қоғамға қайта бейімдеу мәселелері көтерілген. Деструктивті діни ағымның әсеріне ұшырауды алдын-алу жұмыстары мен ұстанушыларын оңалту бойынша кешенді жұмыстарды қажет етеді. Кешенді жұмыстар барысында психологтар мен психотерапевттер олардың тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып, көмек көрсету қажет. Мысалы, діни тәуелділігі бар тұлғалардың бойында тәуелділікке бейім болса, оны басқа тәуелділікке, спортқа, шығармашылыққа, салауатты өмір сүруге деген бейімділігін ауыстыра білген жөн. Егер, белгілі бір қоғамдық ортаға тәуелді болса, оны радикалды топтан, жақсы ортаға бейімділдіру қажет. 2020 жылы Қазақстанда жас еріктілер жылы болуына байланысты қазіргі таңда ерікті, белсенді жастар ұйымының саны артты. Деструктивті діни ұйым ішінде де, жастар саны өте көп. Осы жастарды жас еріктілер тобына қосуға, сол ортаға бейімделуіне ықпал жасау да өте тиімді.
Мырзакулова Гүлжан
Дерек көзі: http://cipr.kz/#