Басып шығару нұсқасы
11.11.2019, 00:42

Зияныңды тигізбе! Дін тақырыбын жариялаудың басты қағидаты – А.Қалназаров

Журналистердің басым бөлігі діни журналистиканың ішінен зайырлы және басқа да бағыттарға тарамдалатынын білмейді. Бұл туралы «Дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған тренингі» атты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тапсырысымен өткен ашық дәрісте мәдениеттанушы-лингвист Абылайхан Қалназаров атап өтті. Ол шараға басты спикер ретінде модераторлық етіп, сөз тізгінін ұстаған еді, деп хабарлайды baq.kz порталы.

Спикердің айтуынша, діни журналистика – зайырлы діни, конфессиялық және диаспоралық діни журналистика болып іштей жіктеледі. Бұл олардың дін тақырыбын тарқату ерекшелігінен өрбіген жіктелім.

«Зайырлы журналистикада авторлар дінге деген жеке көзқарастарына қарамастан, фактілер мен пікірлерді объективтілік тұрғысынан баяндайды. Конфессиялық журналистикада оқиғалар мен жағдайларға белгілі бір діни дүниетаным аясында баға беріліп, көпшілікті өз жолына түсуге үндейді. Диаспоралық журналистика әртүрлі ұлттық және этникалық топтар мен қауымдастықтардың мүдделерін білдіреді. Яғни, бұл түрінің ерекшелігі – диаспораның негізінен ұлттық идея мен діннің айналасында бірігуінен көрінеді», - деді А.Қалназаров.

 

 

 

 

«Бұларды қалай ажыратамыз» деген заңды сауал туындайды. «Диаспоралығы» түсінікті әрі сирек кездесетін құбылыс. Ал қазіргі қоғам үшін актуальды – зайырлы және конфессиялық журналистика тармақтарын қалай айырамыз?», - деп сауал тастады мұнан соң бас спикер шара қатысушыларына жәнеден өз сұрағына өзі жауап берді.

«Зайырлысы бірінші кезекте діни үрдісті сипаттаумен айналысса, екіншісі уағыздаумен айналысады. Бұл зайырлы публицистиканы конфессиялықтан ажырататын басты және түбегейлі ерекшелік. Мұндағы публицистика – өз пікірін білдіру. Ал уағыз – бұл қауымдастық пікірінің ерікті көрінісі. Діни публицистика діни ұйымдардан тәуелсіз және еркін сыни пікірге ие. Конфессиялық бағыты жанрлық, стилистикалық, тақырыптық шектеулерді өз еркімен қоя отырып, саналы түрде уағыздау міндетін атқарады. Қазіргі қазақ қоғамына екеуі де тән», - деп ойын жалғады спикер.

«Бірақ біз зайырлы мемлекетпіз. Бұл дегеніміз – мемлекеттің ресми түрде ешқандай діни идеологияны тұтпайтынын, азаматтардың ар-ождан еркіндігі мен діни сенімін жүзеге асыруда тең құқығын қамтамасыз ететінін, өзін ешқандай дінмен байланыстырмайтынын білдіреді. Сондықтан да әңгімеміздің негізгі ауанының да осы тұрғыдан өрбіп жатқаны сөкет емес шығар», - деп еліміздегі меморгандар мен діни бірлестіктердің өзара іс-қимылынан шығатын мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың ақпараттық тұрғыдағы спецификасын да бір түйіндеп өтті ол.

Дәріскердің сөзіне сүйенсек, бүгінде діни тақырыппен айналысатын мамандар аз. Сондай-ақ, діни журналистиканың қай тармағы болмасын оқырмандардың көбіне түсінікті емес және қызығушылық танытатын ортаға ғана есептелген. Мұның ішінде айта беретін зайырлы тармағы әлеуметтік және мәдени мәселелермен айналысатын журналистикамен астасып жатады. Екінші жағынан саяси және экономикалық, яғни сараптамалық журналистикаға да жақындау. Осыдан келіп оның талдамалық жағы ашылатын көрінеді. Әдетте отандық БАҚ-та дін мәселелерін жариялау міндетін «Саясат» немесе «Мәдениет» бөлімдеріне жауапты мамандарға жүктеп қойған. Айдар бойынша көбіне «Қоғам» бөлігіне орналастырады. Демек, діни журналистиканы сарапшы журналистика деуге де толық негіз бар.

 

 

Дін тақырыбын қозғағанда журналист ең алдымен қандай ұстанымды басшылыққа алуы керек?

Шара қатысушыларына осылай деп те ой тастаған А.Қалназаров сауалының түйініне былай деді:

«Зияныңды тигізбе – бұл осы бағытта жұмыс жасаймын деген қай-қайсы жанның да басты кредосы болуы керек. Ол барынша сақ болып, тіпті, сыни материалдарда ұстарамен сақал алғандай қырағылық танытуы ләзім. Әсіресе, бұл зайырлы діни журналистикаға мамандансам деген азаматтарға қатысты».

Сонымен қатар, спикердің пікірінше, зайырлы журналист этика тұрғысынан мынаны да ұмытпауы керек:

«Батыс елдері тұжырымдамасы бойынша журналист зайырлы болуды тоқтатып, тараптардың бірін қабылдаған сәтте, ол бұл туралы ашық мәлімдеуге тиіс. Бұл түсінікке еуропалықтар енді жетіп жатыр. Біз де көп ұзамай осыған келеміз. Бұл журналистің өз оқырман, көрермендеріне, тыңдармандарына қатысты әдебі мен адамгершілігінің мәселесі», - деп тілшінің өз ішкі ұстанымын материалдары мен хабарларына, сюжеттеріне таңуы мәселесін ортаға салды.

Сонымен, тұжыра келгенде, А.Қалназаровтың отандық зайырлы журналистерге діни тақырыптарды жариялаудағы ұсынатын қағидалары мынадай болды:

Біріншіден, діни тақырыптарды жариялауда әлемдік-өркениеттік тәжірибені ескере отырып тарихи-мәдени ағартушылық тұрғыдан ақпарат жеткізу.

Екіншіден, уағыздық сарынға салынбай, даулы мақалаларды жариялаудан бас тарту.

Үшіншіден, діни тақырыптардың жариялануы қатаң бейтарап болуы керек және «баспасөздің ісі – оқырманға обьективті мәлімет жеткізу» қағидатын сақтау.

Төртіншіден, көп терминдер арнайы аудиторияға түсінікті болғанымен, қалың бұқараға түсініксіз болуы мүмкін, сол себепті оқырмандар, көрермендер, тыңдармандарға діни мәселенің мәнін қарапайым лексикамен ұғындыру.

Бесіншіден, оқырман, тыңдарман, көрерменге діни сенім мәселесінде толеранттылық ұстанымын қалыптастыру.

 

ШАРА ҚАТЫСУШЫЛАРЫНА АРНАЙЫ СЕРТИФИКАТТАР МЕН СЫЙАҚЫЛАР ТАБЫСТАУ СӘТІНЕН, СОНДАЙ-АҚ БАҚ-ҚА СҰХБАТ:

 

 

 

Ұқсас сілтемелер