Басып шығару нұсқасы
13.06.2019, 10:51

Діни зайырлы журналистика – сарапшы журналистика – А.Қалназаров

Бүгін Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының «Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы» МКМ-сі облыстың БАҚ өкілдеріне арналған «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жариялаудағы БАҚ-тың рөлі» тақырыбында оқыту семинарын өткізді, деп хабарлайды silteme.kz.

«Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекет дамуының зайырлы қағидаларын, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделін, діни экстремизмді алдын алудың басты жолсерігі», - деп атап өтті жиын беташарында іс-шараның модераторы, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Ғ. Шойкин.

 

 

 

Өз кезегінде, елордадан арнайы шақырылған баяндамашылар - «Kazislam» ақпараттық-ағартушылық порталының редакторы Тұрар Әбуов, «Kazislam» интернет-порталы жобасының жетекшісі Жанбота Қарашолақов және «United Citizens Fund» қоғамдық қорының төрағасы, мәдениеттанушы-лингвист Абылайхан Қалназаров діни саладағы мемлекеттік саясатты жариялау мәселесінде өз ойларын ортаға салды.

«Сыртынан қарасаң, біртұтас діни журналистика  бар секілді көрінеді. Шындығында, ол ішінен конфессиялық және зайырлы, диаспоралық діни журналистикаға тармақталады. Конфессиялық діни журналистика – ол нақты бір діннің аясында жұмыс жасайды. Яғни, діни ұйымдардың өз идеологиясы мен қағидаттарын насихаттауға арналған. Ал диаспоралық болса, ол азшылықтардың өзіндің БАҚ-ын нышаналайды. Бұл жерде де дін тақырыбын айналып өту мүмкін емес. Мұның ішінде бізге керегі зайырлы діни журналистика. Оның басты ерекшелігі – обективтілігі мен барлығына бейтарап қарауы. Былайша айтқанда, сарапшы журналистика десе де болады», - деді А.Қалназаров өз сөзінде.

Сондай-ақ, ол діни зайырлы журналистиканың саясат және экономика тақырыптарын қозғайтын журналистикадан еш айырмасы болмаса да, жауапкершлігі мен салдары бойынша ерекшеліктерге ие екендігін атады.

«Бұл журналистика түрі де өзге журналистикадан стиль мен беру, этикалық ережелері мен канондары бойынша қатты ерекшеленбейді. Дегенмен, дін тақырыбының өте нәзіктігін ескерер болсақ, абайсызда жазған бір бұрыс сөзіңіз немесе бағалауыңыздың соңы құқықтық, этикалық-моральдық және саяси салдарға апарып соқтыруы мүмкін. Осы себепті, бұл тақырыпқа барғанда дұрыс лексика және бұрыс лексика, журналистің өзін-өзі қадағалауы мәселелері туындайды», - деп атап өтті спикер.

Іс-шараның соңында Ғ.Шойкин «Бұқпа» газетінің бас редакторы Т.Қажыбайға, «Вечерний Степногорск» газетінің редакторы С.Жаровқа, «Есіл-Инфо» газетінің редакторы Ю.Чубароваға, «Нұр-Қорғалжын» газетінің бас редакторы Б.Шайзадаға, «Шортанды жаршысы» газетінің редакторы Г.Қабдешоваға діни саладағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын іске асыруға және Ақмола облысында ақпараттандыру бойынша жұмыстарға қосқан елеулі үлесін атай өтіп, алғыс хаттарды табыс етті.

 

 

Сондай-ақ, облыстық байқаудың жеңімпаздарына мемлекет дамуының зайырлы принциптері, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделі, діни экстремизмді алдын алу, терроризм мен экстремизм идеологиясына қарсы іс-қимыл және толеранттылықты дамыту тақырыбын баспа басылымдары мен интернет-ресурстарда үздік жариялағаны үшін дипломдар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді.

Айта кету керек, 2019 жылдың 15 ақпаны мен 30 мамыры аралығында Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының «Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы» МКМ-сі баспа басылымдары мен интернет-ресурстарда мемлекет дамуының зайырлы принциптері, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделі, діни экстремизмді алдын алу, терроризм мен экстремизм идеологиясына қарсы іс-қимыл және толеранттылықты дамыту тақырыбын үздік жариялауға конкурс өткізді.

 

 

Конкурстық комиссия отырысының қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді: І орын 100 000 (жүз мың) теңге ақшалай сертификатпен Көкшетау қаласының «Nasihat.kz» ақпараттық порталының журналисті Б.Смағұлға берілді («Діни сауаты төмен елдің ертеңі де бұлыңғыр» мақаласы), ІІ орын 60 000 (алпыс мың) теңге ақшалай сертификатпен Атбасар ауданынан келген «Atbasar-Простор» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Е.Мықтыбаеваға берілді («Сауатсыздық жарға шықпасын десеңіз...»), ІІІ орын 40 000 (қырық мың) теңге сомасына ақшалай сертификатпен Бурабай ауданының «Стабильная газета» Щучье аудандық апталық жарнамалық-ақпараттық газетінің журналисті А. Каримовқа («История одного Свидетеля» мақаласы) табыс етілді.

Тағы бір айта кетерлік жайт, аталған шара Ақмола облысының журналистік қоғамдастығын жандандыру, конфессияаралық келісімді және мемлекет дамуының зайырлы принциптерін нығайтуға бағытталған материалдардың сапасын жақсарту және санын арттыру, сондай-ақ діни саладағы мемлекеттік саясатты жариялау мәселесінде БАҚ өкілдерінің тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылды. 

Ұқсас сілтемелер