Басып шығару нұсқасы
17.03.2018, 08:39

Астанада ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті

 16 наурыз күні Астанада Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың төрағалығымен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті деп хабарлайды silteme.kz AA.

Кеңес жұмысына орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамасы, VII Азаматтық форумның ұсынымдарын жүзеге асыру, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың және қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы белсенділігі талқыланды.

Үйлестіру Кеңесінің отырысын ашқан Нұрлан Ермекбаев бірлескен жобаларды жүзеге асыруда мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасында сындарлы ынтымақтастық орнағанын атап өтті. Министр үкіметтік емес ұйымдар Президенттің әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыруда белсенділік танытатынына сенім білдірді.

Шара барысында «Қазақстанның ҮЕҰ ақпараттық-ресурстық орталықтарының ұлттық желісі» ЗТБ төрайымы Алтынай Көбеева баяндама жасап, VII Азаматтық форум ұсынымдарының орындалуына тоқталды. Ол мемлекеттік органдардың сайттарында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс байқауы туралы осы жылғы кеңейтілген ақпаратты жариялауды және байқаудың нәтижелері жөніндегі есепті, өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар қызметінің талдауы және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың салалық бағыты бойынша ақпаратты жариялау қажеттігін ұсынды.

А. Көбееваның айтуынша, еліміздегі азаматтық қоғам дамуының индексі 100 баллмен есептегенде 50,6 баллды (Транспаренси Интернэшнл Казахстан) құрады. Қазақстан орта деңгейде орналасқан.

Жиын барысында Үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамның сыбайлас-жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қатысуы мәселесі көтерілді. Бұл тақырыпта ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжанов,  Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, «Қазақстанның азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті, Арнайы мониторинг тобының мүшесі Тәңірберген Бердонғардың баяндамалары тыңдалды

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанындағы Үйлестіру Кеңесі отырысының қорытындысында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ықпалдастығын одан әрі жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірленді.

 

Ұқсас сілтемелер