Басып шығару нұсқасы
31.12.2017, 09:10

Шыршаны безендіру ежелгі ұмытылған наным-сенімдердің сарқыншағы

Сәбина Зәкіржанқызы Сәбина Зәкіржанқызы Фото: Мой Байкал

Бұл туралы aikyn.kz-те кеңінен жазылды, деп хабарлайды silteme.kz.

Ақпарат көзінің дерегінше, адамзат баласы табиғат ана­ны ерекше құрмет тұтқан. Сон­дық­тан да кейбір ескі тайпалар табиғи апаттарды, жел мен суық аяздарды орман киесі жібереді деп сенген. Олар орман киесінің ашуын басу үшін ең үлкен ағашқа тәтті-дәмділер мен әсем гүлдер іліп қойып, оны айнала жүріп әр­түр­лі ырым-жоралғылар жа­саған. 
Ал Ежелгі Еуропа жерін ме­кендеген тайпалар ағашқа та­бы­натын болған. Олар адамның тағдыры мен мінезі оның өзіне тиесілі ағашына байланысты бо­лады деп түсінген. Кельт абыз­да­рының пайымынша, әрбір ағаштың киесі бар. Бірінікі жуас болса, екіншісінікі тым қатал болады деп сенген олар қасиетті рухтардың ризалығын алу үшін алып емен ағашын дәмді дү­ниелермен толтыратын. Шырша мәңгілік өмірдің символы бол­ғандықтан, көбіне таңдау осы ағашқа түсетін. Желтоқсан айын­­да ашуына мінетін рухтар­дың қаталдығынан қорыққан ел ай соңында осындай діни жо­ралғылар жасайтын болған де­седі. Өсім көп болсын, көк шүй­гін болсын деген ниетпен шыр­­шаға алма ілінетін болған. Өмір жалғасын тауып, ұрпақ өніп-өссін деген сеніммен жұ­мыртқа ілген. Жаңғақтың ілінуі құдайдың құдіретін мойындауды білдіреді.
Ал кейбір елдер қара күш­тер­ден үйін және бала-шағасын қор­ғау үшін шырша бұтақтарын есік­тің төбесіне іліп қоятын бол­ған. Қазақтардың да аршаны үйі­нің төріне іліп қоюы осы кездерден бастау алуы әбден мүмкін. 
Аңғарсаңыз, шырша безен­ді­ру дәстүрі бір діни таным не­гізінде пайда болмаған. Кері­сін­ше, пұтқа, табиғи күштерге та­бынған ежелгі тайпалардан енген дәстүр. Ежелгі неміс ха­лықтары Жаңа жылда жаңа өмірдің нышаны ретінде бір түп шырша егетін болса, кейін бұл дәстүр кері бағытта жалғасын тапқан. Орманда түрлі әшекей тағынатын шыршалар кесіліп әкелініп, әрбір отбасының төрі­нен орын алған. Шырша бұтақ­тары ауыр тәтті-дәмдіні көтере алмағандықтан, адамдар оған жеңіл ойыншық түрлерін ойлап таба бастаған. Шыршаны зама­науи гүлтізбектермен безен­діруге жол ашқан адам неміс Мартин Лютер екен. Ол Жаңа жыл қарсаңында өзінің үйіндегі шыршаны шырақтар іліп безен­діріп көрген. М.Лютер идея­сы­ның негізінде электр гүлтіз­бек­тері пайда болған. Яғни шыр­шаны безендірудің түпкі мәні жоғалып, сәніне көп мән беріле бастаған. Осылайша ежелгі ырымдар мен жоралғылар халық санасынан біражола өшіп кеткен. Алғашқыда ырым-жоралғыларға байланысты тағылған әшекей енді тек сәндік үшін тағылатын, тіпті, шыр­шаның өзі Жаңа жылда үйде жарқырап тұруы керек әшекей ретінде ғана қалып қойған. 

Ұқсас сілтемелер